• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Шілде, 2017

Меркіде отандық өнімдер орталығы ашылды

239 рет
көрсетілді

Бүгінде Тараз қаласында «Дәмді себет» сауда жүйесінің орталықтары жұмыс істейді. Мұнда халық күн сайын келіп, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын алып жатады.

Осы орайда халық пен нарық арасындағы байланыс күн сайын беки түсуде. Негізінен тұтынушыларға бағасы қолжетімді әрі сапалы өнімдер қажет. Бүгінгі таңда тұрғындардың мұндай сұранысына өзгенің өнімінен гөрі, өзіміздің отандық өнімдеріміз жауап бере алады. Ендігі жерде отандық өнімдердің бәсі артып, бәсекеге қабілеттілігі арта түспек.

Меркі ауданындағы «Махабат әлемі» әмбебеп сауда орталығы көпшілікке аян. Жуырда аталған сауда орталығында «Дәмді себет» әлеуметтік дүкені ашылды. Дүкеннің аумағы мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ мұнда келушілерге отыз адам қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, дүкенде жыл бойы тауарлардың белгілі бір түріне акциялар да өткізіліп тұрады. Тіпті суперақциялар кезінде заттардың бағалары 40-50 пайызға дейін арзандайды екен. Бұл да нарықтың халыққа деген қамқорлығы болса керек.

Аталған дүкеннің бір ерекшелігі – мұнда азық-түліктің басым бөлігі отандық өнімдерден тұрады. Мәселен «Қазақстанда жасалған», «Қазақстан», «Баян сұлу», «Гүлдер» конфеттері өз өнімдеріміз болып саналады. Ал «Асқан», «Олейна», «Заречная» сияқты өсімдік майлары да отандық өнім ретінде халыққа қолжетімді бағада саудаланып отыр.

Бұл орталықтың ашылуы меркіліктер үшін айтарлықтай жаңалық болды. Расында да халық керегін алу үшін бұрынғыдай облыс орталығына сабылмай, осы жерден-ақ сауда жасай береді. Сондай-ақ мұндағы заттардың бәрі де қолжетімді әрі сапалы. Енді отандық өнімдеріміздің игілігін аудан, ауыл халқы да көретін болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы